Honeywell компаниясы 11 қазанда Қазақстан-Британ техникалық университеті базасында автоматтандыру бойынша жаңа өңірлік оқу орталығын ашты. Автоматтандыру орталығы ҚБТУ студенттерін оқытуда өндірістік процестерді автоматтандыру саласындағы жұмыстар бойынша практикалық дағдылар жинақтауға көмектеседі. Сондай-ақ орталықта Қазақстандағы жергілікті кәсіпорындар инженерлері де өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады.

Honeywell компаниясы жаңа оқу орталығын барлық қажетті құрал-жабдықтар және бағдарламалық жасақтамалармен қамтамасыз етті. Орталықта қызметкерлер мен құрал-жабдықтар жұмысының тиімділігін арттыру, жоспардан тыс туындаған іркілістер кесірінен болатын шығындарды төмендету, операциялық қателіктерді қысқарту және өндірістік кәсіпорындарда қауіпсіздікті арттыру негіздеріне үйретеді. Honeywell мен ҚБТУ-дың бірлескен бағдарламалары шеңберінде университет оқытушылары бағдарламалық жасақтамалар және құрал-жабдықтармен жұмыстар бойынша қарқынды оқытудан өтіп, таяу уақыт ішінде университет студенттерімен өз білімдерін бөлісуге даяр болады. Honeywell оқытушылары тапсырыс берген компаниялар мамандарына арналған сертификатталған курстар жүргізетін болады.

«Біздің мақсат – жоғары білікті мамандар мен ғалымдар даярлау, - дейді ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашев. - «Сандық Қазақстан» бағдарламасының міндеттерімен толық үндесетін автоматтандыру оқу орталығын құру бойынша Honeywell компаниясымен серіктестік біздің студенттерімізге ең заманауи технологияларға қол жеткізу, түпкі есепте өз саласында сұранысқа ие кәсіби маманға айналу мүмкіндігін береді.

ҚБТУ-дағы оқу орталығы  халықаралық Honeywell оқу орталықтары тәжірибесі мен компанияның бүкіл әлем бойынша университеттермен ынтымақтастығы негізінде құрылды. Жаңа орталықта инженерлер, операторлар, техникалық қызмет көрсету бойынша қызметкерлер мен өндіріс басшыларына арналған сертификатталған тренингтер өткізілетін болады. ҚБТУ студенттері процестерді модельдеу, бағдарламалау, өнімділікті мониторингілеу, ірікілістерді жою және кәсіпорынның  операциялық тиімділігін арттыру бойынша іс-тәжірибеден өте алады.

«Жаңа оқу орталығын іске қосу – Honeywell компаниясының мемлекеттік «Сандық Қазақстан» бағдарламасына қолдау көрсетуі мен мақсаты - келешек мамандар үшін практикалық оқып-үйрену мүмкіндіктерін кеңейту болып табылатын жобаларды жергіліктендіру бағытындағы тағы бір қадам, - деп түсіндірді Ресей және Кедендік одақ елдеріндегі Honeywell президенті Георги Георгиев. – Операторлар, инженер-технологтар және Қазақстан экономикасы үшін өзге де түйінді салалардың мамандары ең жаңа виртуалдандыру құралдарын қоса алғанда, технологиялық процестерді автоматтандыруға арналған Honeywell-дің заманауи шешімдерімен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады».

Honeywell компаниясы Қазақстанда 20 жылдан аса жұмыс істеуде. Алматы, Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы 3 кеңсесі озық технологиялар көмегімен өнеркәсіп секторындағы кәсіпорындарға қолдау көрсетіп келеді. Мұнайгаз саласындағы түйінді қазақстан кәсіпорындарының техникалық қызметкерлері Honeywell компаниясының Бельгия, Нидерланды, БАӘ, Ресейдегі оқу орталықтарында, сондай-ақ Атыраудағы Honeywell өңірлік оқу орталығында оқыту және біліктілік арттыру курстарынан өтіп отырады.

Honeywell Қазақстанда тікелей екі он жылдықтан бері болуына қарамастан, нақты алғанда компания Қазақстанның мұнайгаз саласындағы кәсіпорындармен 40 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істейді. Алматыдағы тұңғыш кеңсесі ашылғанға дейін Honeywell UOP газ өндіру және қайта өңдеуден бастап, мұнай тасымалдаудан оны терең қайта өңдеуге дейін – әр түрлі бағыттар бойынша технологиялар жеткізуді бастаған. Компания ірі жергілікті және халықаралық кәсіпорындарда көптеген жобаларды іске асырған.