Алматы, 1 ақпан 2025 жыл – Digital Almaty халықаралық форумы аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті, Қытайдың жетекші AgiBot (Zhiyuan Robotics) компаниясы, сондай-ақ ҚБТУ, Satbayev University, ХАТУ, AITU және ALT Университет арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім Қазақстандағы робототехника мен жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
AgiBot – жасанды интеллектті озық шешімдерге біріктіретін робототехника саласындағы әлемдік көшбасшы. 2024 жылдың тамыз айында компания A2 және Lingxi X1 гуманоидтық роботтарының коммерциялық үлгілерін ұсынды, ал желтоқсан айында Шанхайдағы жаңа зауыттан 1 000-нан астам робот шығарылып, компанияның саладағы позициясын нығайта түсті.
ҚБТУ ректоры Маратбек Габдуллин бұл меморандумның Қазақстандағы робототехника мен жасанды интеллекттің дамуы үшін маңыздылығын атап өтті:
«Бұл меморандум – Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллектті дамытудағы маңызды қадам. ҚБТУ – жетекші техникалық университет ретінде бұл келісімді тек ғылыми зерттеулер үшін ғана емес, озық технологиялармен жұмыс істеуге дайын жоғары білікті мамандарды даярлау мүмкіндігі ретінде қарастырады. AgiBot және басқа да серіктестермен ынтымақтастық арқылы біз білім, ғылым және бизнестің өзара іс-қимылы нәтижесінде отандық технологиялық шешімдерді дамытуға арналған инновациялық экожүйе құруға ниеттіміз».
Ынтымақтастық аясында AlemAI – Ұлттық ЖИ платформасы базасында робототехника бойынша R&D орталығы құрылады. Жоспарда ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және технологияларды коммерцияландыруға қолдау көрсету бар. Негізгі бағыттардың бірі – технологияларды трансферлеу, оның ішінде роботтарды Қазақстанда өндіруді жергілікті жағдайға бейімдеу және экспорттау мүмкіндігі, сондай-ақ әртүрлі салалар үшін роботтандырылған шешімдерді оңтайландыру және деректер жинауға арналған заманауи база құру.
Тараптар робототехниканың болашағы бар технологияларын, соның ішінде ЖИ негізіндегі автоматтандыруды, машиналық оқытуды, IoT шешімдерін және өнеркәсіптік, автономды роботтарды әзірлеуді бірлесіп зерттеуге келісті. Сондай-ақ ЖИ мен робототехника саласында мамандарды даярлау үшін білім беру бағдарламалары, семинарлар және тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарланған.
Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Екатерина Смолякова:
«AgiBot-пен ынтымақтастық аясында R&D орталығын құру – тек технологияға ғана емес, адамдарға да салынған инвестиция. Студенттер мен жас ғалымдардың озық әзірлемелерге қол жеткізуі, өз идеяларын жүзеге асыруы және индустрияның болашағын қалыптастыруы маңызды. Біз бұл жобаның Қазақстанның ғылыми және кәсіби әлеуетінің өсу нүктесіне айналатынына сенімдіміз».
Бұл қадам Қазақстанның жасанды интеллект пен роботтандыру бойынша өңірлік хаб ретіндегі позициясын нығайтудағы маңызды кезең болып табылады. Болашақта орталық жаңа стартаптардың дамуына, ғылыми зерттеулердің күшеюіне және инновациялық жобаларды қолдауға ықпал етіп, елдің жаһандық технологиялық үдерістерге сәтті интеграциялануына көмектеседі.
AgiBot робототехникалық шешімдерді жобалау және енгізу бойынша техникалық қолдау мен білім трансферін қамтамасыз етеді, ал қазақстандық университеттер бірлескен әзірлемелер мен зерттеулерге қатысады. Ынтымақтастық аясында нормативтік-құқықтық қолдау, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржыландыру бөлу, студенттердің тәжірибеден өтуіне жағдай жасау және зертханалық базалар ұсыну қарастырылған.
Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің деканы Азамат Иманбаев:
«AgiBot компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның робототехника және жасанды интеллект саласындағы даму мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазақстандық университеттер, соның ішінде ҚБТУ, бірлескен әзірлемелерге, зерттеулерге және білім беру бастамаларына белсенді қатысуға дайын. Бұл жаңа буын мамандарын даярлауға және елдегі технологиялық прогреске ықпал етуге мүмкіндік береді».
Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және үш жыл мерзімге есептелген. Бұл құжат Қазақстанды робототехника мен жасанды интеллект саласындағы өңірлік инновациялық орталық ретінде дамытуға негіз қалайды.