2 маусымда ҚБТУ педагогикалық кеңесінің онлайн форматтағы кезектен тыс отырысы өтті. Ол қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы семестр мен аттестаттау сессиясын өткізу тәжірибесіне, сондай-ақ жазғы және күзгі семестр жоспарларына арналды.
ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашев өзінің ПОҚ-ға жолдаған хатында көктемгі семестр барысындағы университет қызметін қорытындылап, төтенше жағдай кезіндегі үйлесімді жұмысы үшін қызметкерлерге алғысын білдірді.
«Осы уақыт ішінде біз қашықтықтан білім беру үдерісін ұйымдастыру механизмдерін жетілдіруде белсенді жұмыс істедік және қазіргі уақытта ҚБТУ қашықтықтан оқыту форматында 2500 - ден астам студент, 253 магистрант және 39 докторант даярлауда деп толыққанды айта аламыз, - деп атап өтті Кенжебек Ниязұлы. – Бұл – университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымдастығының үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Білім беру үдерісін ұйымдастырудағы басты рөл әрбір оқытушы мен әрбір студентке тиесілі. Дәл Сіз әдістемелік және техникалық ұсыныстарды іске асырасыз, онлайн-сабақтарды өткізесіз, жаңа бағдарламалық құралдарды пайдалануды меңгересіз, ең бастысы – Өзіңіз үйренесіз және бір-біріңізді осы режимде байланысуға үйретесіз, сол үшін мен ҚБТУ профессорлық-оқытушылық құрамына зор алғысымды білдіремін».
3-4 маусымда педагогикалық кеңес аясында университеттің профессор-оқытушылар құрамы үшін цифрлық сауаттылық бойынша вебинарлар ұйымдастырылды. Вебинар аясында көптеген тақырыптар қозғалды. Олардың кейбірін атап өтер болсақ, «Онлайн тапсырмаларға креативті көзқарас. Емтихандарды қалай өткізу керек» және «Тегін онлайн платформалар және студенттерді ынталандыру». Әр факультеттің оқытушылары әріптестерімен қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.