1 желтоқсанда Қазақстан-Британ техникалық университетінің базасында студенттер арасындағы бағдарламалау бойынша ACM ICPC 2019-2020 Әлем чемпионатының 42-ші командалық жартылай финалы болып өтті.
Бүкіл әлем бойынша жүріп жатқан өмірдің барлық қырларын сандық жүйеге көшіру дәуірінде мұндай ауқымды интеллектуалдық жарыстар жастар үшін, соның ішінде 2019 жыл - Жастар жылы болып жарияланған Қазақстан жастары үшін ерекше маңызға ие.
Орталық Азия ACM ICPC жартылай финалы ҚБТУ-да төртінші рет өткізілді және бір мезгілде Алматы, Санкт-Петербург, Барнаул және Тбилиси университеттерінде өтетін North Eurasia өңірінің (Украина мен Молдовадан өзге ТМД елдері) халықаралық жартылай финалының бөлігі болып табылады.
ACM ICPC (International Collegiate Programming Contest) ең мәртебелі АТ-олимпиадасы ретінде мойындалған. Ең бастысы, мұндай жарыстар жас бағдарламашылардың әдеттен тыс жағдайларда тез ойлауы мен шешім қабылдауын дамытуға ықпал етеді. ACM ICPC бойынша жетістіктер көптеген жылдар бойы Google, Microsoft, Facebook, Amazon және т.б. сияқты салалардағы жетекші әлемдік компанияларға жұмысқа тұру барысындағы басты индикатор болып табылады.
Олимпиада белгіленген ереже бойынша өтеді: үш қатысушыдан тұратын командаға интернеттен оқушауланған бір компьютер, күрделі алгоритмдік есептер (10-нан 13-ке дейін) және оларды шешу үшін 5 сағат уақыт беріледі. Жарыстың ресми тілі – ағылшын тілі. Мейлінше көбірек есеп шешкен және мейлінше азырақ айыппұл уақытын жинаған команда жеңіске жетеді.
Жыл сайын 100-ден аса елден 3000-нан аса университет өкілдерінен тұратын 50 мыңға жуық студенттер жарысқа кіріседі. Мәреге айтулы жоғары оқу орындарының ең мықты командалары ғана табан тірейді.
Алматыдағы жартылай финал Қазақстаннан (40 команда), Қырғызстаннан (15), Өзбекстаннан (20) және Тәжікстаннан (5) келген 80-ге жуық команданың – барлығы 200-ге жуық жас бағдарламашының басын қосты. Жарыстың өту барысын халықаралық төрағалық алқа жіті қадағалап отырды.
Бұл жолы ең жоғарғы нәтиже – 12-ден 7 болды. ҚБТУ ойыншылары 5 есепті шешіп, жүз үздіктің қатарына ілікті. Ал чемпионат финалы келесі жылғы маусым айында Мәскеу қаласында өтеді.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық жоғары оқу орындары ACM ICPC олимпиадасына қатысқан 16 жыл ішінде бірнеше рет Әлем чемпионатының финалына шықты. ҚБТУ командалары 2006, 2011, 2012, 2013, 2018 және 2019 жж. финалдарға қатысты. Бүгінгі таңда ҚБТУ-дың Ақпараттық технологиялар факультетінің (АТФ) түлектері – өткен жылдардағы олимпиадаларға қатысушылар – Силикон жазығындағы (АҚШ) жетекші IT-компанияларында жұмысқа орналасу бойынша көш басында, сондай-ақ қазақстандық IT саласындағы компанияларда табысты еңбек етуде.
Орталық Азия ACM ICPC жартылай финалының ұйымдастырушылары демеушілер: Huawei (өңірлік демеуші), BTS Digital (бас демеуші), ERG, Khan Group, BTC.KZ, UMAG, ZAPIS.KZ, CODEBUSTERS_ компанияларына, сондай-ақ ҚБТУ АТФ түлектері клубына зор алғысын білдіреді.
ACM ICPC жартылай финалының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қуана құттықтаймыз!