9 қарашада ҚБТУ-да «Шахмат семестрі» студенттік турнирі өз мәресіне жетті. Бұл дәстүрлі турнир төртінші рет өткізіліп отыр. Турнирге Алматы қаласының  көптеген университет командалары, тіпті Түркістаннан Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің командасы да қатысты. Барлығы 27 команда жиналды, бұл – Қазақстан  бойынша  студенттік шахмат жарысы үшін рекорд екенін атап өткен жөн!

Турнирдің басталуы жарияланған сәтте залды жым-жырт тыныштық орнады, тек сағаттар сыртылы ғана ойын жүріп жатқанынан хабар беріп тұрғандай. Әрбір қатысушы өз жүрісін ойлануға 15 минутқа ие болды, бұған әрбір жасалған жүріс үшін 10 секунд қана қосылып отырды.

Алғашқы күні 3 тур өткізілді. Барлық мачтарда басым түскен ҚБТУ-1, ХАТУ-1 және ХАТУ-2 командалары көш бастады.

Екінші күні – 4 тур ойналды. 4-турда қызықты жәйт орын алды: тасталған жеребе ХАТУ-1 мен  ХАТУ-2 командасының басын қосты. ХАТУ-дың бірінші құрамасы әрине, мықтырақ болды, әйтсе де екіншісінің өзі тіпті, күші бойынша басымырақ бәсекелесінің өзіне байсалды  қарсылық көрсете білді. Дегенмен, бұл матчта тойтарыс беруге жол қалмады. Ойын басталғаннан бес минуттан кейін (!) қорытынды 4:0 болып, ХАТУ-1 пайдасына шешілді. Бұл көріністен, сөзсіз: fairplay ұстанымы қайда?! деген сұрақ туындайды.

Екінші күн кейбір әлсіздеу командалар үшін «жұбаныш жарысы» болды десек қателеспейміз. Осыған байланысты қатысқан командалар саны тақ болды, әрбір турда  сол сәттегі әлсіздеу команда bye – ойынсыз жеңіске ие болды.

Ойынның екінші күні соңында ХАТУ-1 және ҚБТУ-1 командалары қалған бәсекелестерін едәуір артқа  тастап, озып шықты. Олардың арасындағы матч тең аяқталды, енді екі көшбасшы команданың басты міндеті тек жеңу ғана емес, ойында мейлінше көбірек ұпай жинап, өз қосымша көрсеткіштерін жақсарту еді.

Ақырғы күні көшбастаушылар бір де бір сәтсіз қадам жасамай, мүмкін болатын 18 ұпайдан  тең тұрғыдағы 17 ұпай санымен мәреге жетті. Турнирдің  регламентіне сәйкес  мұндай жағдайда  қосымша көрсеткіштер ретінде жеке ұпайлар есептеледі. Олар  ХАТУ-1 командасында – 33, ал ҚБТУ-1 командасында – 32,5 болып шықты. Ұпайлар арасындағы ең аз айырмамен ХАТУ-1 командасы жеңімпаз деп танылды. Екінші орында ҚБТУ-1 командасы, ал үшінші жүлдегер  ҚазҰУ-1 командасымен аяусыз күреске түскен ХАТУ-2 командасы болды.

Жеке сынақта жеңімпаз атанғандар:

1-тақта – Тимур Нұржанов (ҚБТУ-1);

2-тақта – Ержан Ильяшев (ҚазҰУ-1);

3-тақта – Бахытжан Кембаев (ХАТУ-1);

4-тақта – Диана Асаубаева (ҚБТУ-1).

Командалық және жеке сынақ жүлдегерлері құнды жүлделерді иеленді, ал турнирге жалпы қатысушылардың барлығы ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Шахмат семестрінің жабылу салтанатында бірнеше команда өкілдері ҚБТУ-ға, жарысты ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдірді.

«Шахмат семестрі» турнирі жыл сайын күшейіп келеді. Келесі жылы бұдан да көбірек қонақтар атсалысады деген үміттеміз.

Дана Арсланова, БМ 1-оқу жылы студенті. ф.