11 қазан күні ҚБТУ-да 1-2 курс студенттері  KAZENERGY ассоциациясының адам капиталын дамыту бойынша атқарушы директоры Ляззат Ахмурзинамен кездесті.

Кездесуде «Карачаганак Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының демеушілік  қолдауы аясында қыркүйекте өз қадамын аттаған жаңа студенттік StudentDigitalFest конкурсының тұсаукесері жасалды. Конкурс жастарды мұнайгаз саласының өндірістік кәсіпорындарын сандық жүйеге көшіру бойынша қолданбалы инновациялық жобалар мен шешімдер әзірлеу үшін ынталандыруға бағытталған. StudentDigitalFest конкурсына қатысу - студенттер үшін таңдаған кәсібі туралы нақты түсінік қалыптастыру, кәсіби ортада шығармашылық дербестік таныту, дұрыс өзін-өзі бағалау мен өз орнын белгілеу мүмкіндігі.

Ассоциация 3 жыл бойы «Шелл Қазақстан» қаржылық қолдауы барысында интеллектуалдық студенттік  Student Energy Challenge конкурсын табысты іске асырып келеді. Бұл конкурсқа Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттерінің белсенді қатысатынын атап өткен жөн. Биыл ҚБТУ-дың  FEOGI командасы Student Energy Challenge конкурсында «Қалдықтарды қайта өңдеу және жою» бағыты бойынша 2-орынды иеленді.