2024 жылғы 8 қазанда ҚБТУ-да БҰҰ Даму Бағдарламасының (ПРООН) жобасы бойынша маңызды мониторингтік кездесу өтті. ПРООН Қазақстан өкілдері жобаның қазіргі жетістіктерін жоғары бағалады. Кездесу барысында ҚБТУ ректоры М.Т. Габдуллин бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға бағытталған бастамаларды қолдайтынын білдірді. Тараптар стартаптарды акселерациялау бойынша жаңа жобалардың болашағы, әйелдерді қолдау және қосымша курстар бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін талқылады.

ҚБТУ 2019 жылдан бастап БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесіп, ауған әйелдерін оқыту бағдарламасы бойынша ынтымақтастық жасауда. Бұл бастама әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған және Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асуда. Жоба басталғаннан бері 40-тан астам әйел TVET қаржы, TVET бизнес-менеджмент, VET, MBA қаржы және TVET тау-кен ісі бағдарламаларын сәтті аяқтады.

Бүгінде ауған студенттері қаржы және маркетинг салаларында сапалы білім алуда. Корпоративтік білім беру академиясының ТДМ жобалары департаменті Германияның Janser Expert компаниясымен бірлесіп халықаралық сертификаттар берілетін курстар ұйымдастырып, түлектердің неміс компанияларына жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасады. Қазіргі уақытта «Жасыл экономика», «Көшбасшылық және бизнес-коммуникация», «Маркетинг және коммуникация принциптері» тақырыптары бойынша курстар белсенді түрде өткізіліп, халықаралық сертификаттар берілуде.