Қуанышпен хабарлаймыз, Alma Valley-ден финалға екі команда шықты: «Dronette» және «Aqua Save». Биыл «Dronette» командасы Қазақстанның шалғай аймақтарына дәрі-дәрмек пен шұғыл көмек жеткізу үшін дрондарды пайдаланатын инновациялық жобасымен жүлделі орынға ие болды.

Команда мүшелері — Бутакова Диана, Мликова Кристина, және Сақұш Кәмила — заманауи әлемге қажетті инженерлік ойлау қабілеті мен әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде көрсетті.

Жеңімпаздар энергетика, экология және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту саласындағы зерттеулерді жүргізуге 2 350 000 теңге көлемінде грант алды. Бұл олардың жобалары мен тұрақты даму идеясына маңызды үлес қосады.

Сонымен қатар, финалға шыққан Aqua Save командасын да атап өтпеуге болмайды. Олардың жобасы жүзетін дрон мен жағалаудағы камералардан тұратын кешенді жүйені ұсынады. Дрон нейрондық желі мен 3D-камералармен жабдықталған, ол су қоймаларын қадағалап, қоқысты анықтап, оны тиімді түрде жояды, бұл оны қоршаған ортаны қорғау саласында таптырмас көмекші етеді.

«Student Energy Challenge» байқауының мақсаты — жас мамандар арасында инновацияларды ынталандыру және тұрақты дамуға ықпал ететін жаңа идеяларды қолдау.

КБТУ 2017 жылдан бері «KAZENERGY» қауымдастығы және «Шелл Қазақстан» компаниясының қолдауымен өтетін осы байқауға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын біздің командалар керемет нәтижелер көрсетіп, КБТУ студенттерінің жоғары деңгейлі дайындығы мен креативтілігін растап келеді!