21 сәуірде «Көрнекті қайраткерлер аллеясында» «Есімізде сақтаймыз! Мақтаныш етеміз! Құрмет тұтамыз!» Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай патриоттық акция өтті. Акцияға қатысушылар қазақ тарихындағы ұлт мақтаныштарын, белгілі тұлғаларды еске алып, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, өлеңдерін оқыды.

Гүл шоқтарын қою рәсіміне Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен Қазақстан Республикасының көрнекті тұлғаларының ескерткіштерін мәңгілікке есте қалдыру жөніндегі комиссияның төрағасы Назия Есімжанқызы Хасенова, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенттері мен оқытушылары Отан үшін қаза тапқан адамдарға құрмет көрсетуге келді. Олардың әрқайсысы ескерткішке қызыл қалампыр гүл шоқтарын қойды.

Университет атынан Әлеуметтік және тәрбие мәселелері жөніндегі проректор Е.С. Смолякова іс-шараға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтады. Тарих пәнінің оқытушылары Эльмира Тешебайқызы Телеуова мен Жарылқасын Еркінұлы Жаппасов қатысушыларға ескерткіштер алдында іс-шара өтіп жатқан адамдардың ерлік істері мен тағдыры туралы баяндады.

Атап айтар болсақ, Т. Рысқұлов, А. Жангелдин, О. Жандосов, С. Сейфуллин, А. Иманов, М. Фрунзе және басқалар туралы фактілер аталып өтті.

«Ескерткіштер сөйлесін!» акциясы аясында ҚБТУ студенттері Алматы қаласының ескерткіштері мен тарихи орындарын цифрландыруға бастамашы болды. Мысал ретінде 10 ескерткіште QR кодтары бар тақтайшалар орнатылды. Студент жастар көрнекті тұлғаларды еске алуды өздерінің міндеті деп санайды және де жарқын болашаққа жету жолында тарихты білудің маңыздылығын сезінеді. Осы орайда, туған қаланың ескерткіштері мен тарихи орындарын цифрландырудың үлгісін ұсынып, игі бастамаға жол ашты.

ҚБТУ жастары Қазақстанның мәдени мұра объектілерін сақтауға және дамытуға өз үлестерін қосуға дайын.