2023 жылы 28 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Астанада ғылыммен айналысатын қазақстандық әйелдерге арналған дағдылар марафоны өтті. Еліміздің түрлі университеттерінен келген отыз жеті ғалым әйел олардың мансаптары үшін аса маңызды зерттеу әлеуеті мен «жұмсақ» дағдыларды дамытуға бағытталған іс-шараға қатысты.
ҚБТУ-дан: Манханова Ажар Ерлановна, оқу-әдістемелік орталығының басшысы, Махметова Ардак Саятовна, оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары, Сарыбекова Ляззат Омаровна, Қолданбалы математика мектебінің қауымдастырылған профессоры, Досан Айзада Досанқызы, Геология мектебінің лекторы және Кайдарова Назым Алмасовна, Ақпараттық технологиялар және Инженерия мектебінің сениор-лекторы қатысты.
Марафон жаттықтырушыларының арасында мемлекеттік сектор, ҮЕҰ, ғалымдар мен бизнес өкілдері болды. Спикерлер коммуникация, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және жүйелі ойлау бойынша оқыту семинарларын өткізді.
Іс-шараның аясындағы қатысушы әйелдер үшін ортақ болған тағы бір мақсат – Қазақстандағы климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі белсенді іс-қимылды ілгерілету. Дағдылар марафоны Жапония Үкіметі қаржыландыратын “Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарды нөлдік шығарындыларға және төтенше климаттық жағдайға жауап ретінде климаттың өзгеруіне қарсы төзімділікке қол жеткізу үшін пайдалану” атты Қазақстандағы БҰҰДБ жобасы шеңберінде өтті.