Алматыда 11-14 ақпан аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық оқушылар арасында жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми жобалар конкурсы болып өтті. Конкурс жеңімпаздары мен  жүлдегерлеріне ҚБТУ-дың оқу гранттары тапсырылды.

Жыл сайынғы конкурс ҚР Ұлттық ғылым академиясының патронажы аясында мектеп оқушыларының негізгі ғылымдарға қызығушылығын дамыту, жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың алуан түрлі салаларында шығармашылық  қызметтерге тарту мақсатында өткізіледі.

Конкурс әділқазылар алқасының құрамына жетекші отандық жоғары оқу орындарының, соның ішінде Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғалым-педагогтары енді (Асылбек Исахов, Расим Сулиев, Бейбіт Күлпешов, Жарасбек Байшемиров, Рауан Келесбеков).

«Қазақстан – 2050» стратегиясы тұрғысынан республиканың экономикалық және әлеуметтік-мәдени даму моделі» тақырыбына арналған республикалық ғылыми-зерттеулер конкурсы төрт бағыт: «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өрлеудің түйінді буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық  моделдеу», «Сау табиғи орта – «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыру негізі» және «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және келешегі зор  туристік бағыттар» бойынша өткізілді.

Конкурстың бірінші (мектептік) сатысында 21 604 оқушы тіркелді. Екінші (аудандық) сатысына  7332 оқушы қатысты. Үшінші (облыстық) сатыға - 3381 оқушы өтті. Қорытынды сатыға 751 жас зерттеушінің авторлығымен 590 ғылыми жоба ұсынылды. Конкурстың әділқазылар алқасы шешімімен ҚР БжҒМ-ның  алтын медальдері және І дәрежелі дипломдарымен­ - 57 қатысушы, күміс медальдер және ІІ дәрежелі  дипломдарымен - 103 оқушы, қола медальдер және ІІІ дәрежелі дипломдарымен - 175 оқушы марапатталды. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚБТУ-да білім алу гранттары тапсырылды.

Конкурс жеңімпаздары қатарынан құрылған Қазақстанның құрама командасы өз жұмыстарын 10-15 мамыр аралығында Анахаймеде (Калифорния, АҚШ) болатын  халықаралық ISEF-2020 мектеп оқушыларының  ғылыми жобалары конкурсында ұсынатын болады.