КБТУ студенттерге арналған жаңа жатақхана және спорт кешенін ашты. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев, "NNEF" қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Құлыбаева, BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы және Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, ҚБТУ оқытушылары мен қызметкерлері, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты.
Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Габдуллин атқарған жұмыстары үшін баршаға алғысын білдірді:
"Өткен жылы біз студенттерімізге барлық жағдайы жасалған жатақхана ашамыз деп шешім қабылдадық. 10 айдың ішінде біз үлкен жұмыс жасадық. Көріп отырғандарыңыздай, жалпы ауданы 14.000 шаршы метрден астам екі жаңа ғимаратта сыйымдылығы 980 төсек-орындық жатақхана мен спорт кешенінің құрылысын аяқтадық. Осылайша, Алматы қаласындағы студенттердің тұрғын үй қажеттілігін толығымен жабатын алғашқы университет атанып отырмыз", - деді ҚБТУ ректоры.
2023 жылы ҚБТУ екі жаңа тоғыз қабатты жатақхана ғимаратын және сыйымдылығы 198 орындық трибуналары бар ойын залынан тұратын үш қабатты спорт кешенін салды. Спорт кешенінде студенттер үстел теннисі, бокс, күрес, футзал, волейбол, баскетбол, гандбол және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады, одан бөлек хореография сабақтарын өткізуге арналған зал, жаттығу залы жұмыс істейтін болады.
Диана Серікбаева, ҚБТУ студенттік басқармасының президенті:
"Студенттердің жақсы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырғандарыңызға алғысымызды жеткізгім келеді. Университеттің бізге көрсеткен қолдауын бағалаймыз. Жаңа жатақхана академиялық отбасымыз үшін прогрестің символына айналып, студенттердің құтты үйі атансын",- деді Диана Серікбаева.
Жастарға қолжетімді әрі сапалы білім берумен қатар, студенттерге жаңа жатақханалар салу – еліміздегі маңызды бағыттардың бірі. Студенттерді заманауи үлгіде салынған, жайлы әрі қауіпсіздік жағы қарастырылған жатақханалармен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Айта кетейік, елде, студенттер тұратын жатақхана тапшы, әсіресе бұл мәселе Алматыда қатты сезілуде. Мәселенің оң шешімін табу үшін қазіргі уақытта мегаполисте жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру мақсатында Жобалық кеңсе де іске қосылған. Жобаны қолдауға 114 әлеуетті инвестор өтініш білдіргені айтылуда. Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада 2025 жылдың соңына дейін 12 мың, 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың жатақханалық орын ашылатынын, бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешетінін айтып отыр.
Қазақстан-Британ техникалық университеті осы бағытта Алматы қаласы әкімдігімен, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен етене жұмыс істеуде.
Жатақханаға қатысты мәселенің өзектілігін ескере отырып, ҚБТУ-да басқа қаладан келіп оқитын барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және тұрғын үй қорын кеңейту мақсатында университет басшылығы заманауи талаптарға сай жаңа ғимараттар салу туралы шешім қабылдаған.
Симон Нутсугло, ҚБТУ Ақпараттық технологиялар және Инженерия мектебінің магистранты:
"Бұл тек университет үшін ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер үшін де маңызды оқиға. Бүгінгі іс-шара ғимараттың ашылуы ғана емес, бұл - университет дамуының жаңа кезеңі. Бұл ғимараттар - жаңа идеялар, жаңа жетістіктер мен келешекте ортақ табысқа жетелейтін құтты орын болады деп сенеміз".
Жатақхана ескі ғимараттың орнына салынған. Құрылыс 2023 жылдың ақпанында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. ҚБТУ жатақханасының жаңадан салынған ғимараты жалпы ауданы 14 320 шаршы метр 980 орындық екі тұрғын корпусынан тұрады, ал 2111,1 шаршы метр алаңы бар жаңадан салынған спорт кешенінде сыйымдылығы 198 орындық трибунасы бар ойын залы бар.
Жатақхана корпустарында демалатын бөлмелер, асбөлмелер, оқу бөлмелері, 120 орындық акт залы, 70 орындық асхана, кір жуатын орындар, төсек-орындарды қабылдайтын және тапсыратын бөлмелері қарастырылған. Әр жатақхана корпусында екі лифт, бейнебақылау камералары мен Wi-Fi орнатылған, әр бөлменің жуынатын бөлмесі мен дәретханасы жеке. Айта кетейік, жатақханада мүмкіндігі шектеулі студенттерге арнайы жабдықталған бөлмелер де бар.
Ғимараттар заманауи талаптарға сай салынған. Жоспарланғандай, жатақхана мерзімінде тапсырылды. Аталмыш ғимараттардың құрылысы ҚБТУ-дың жеке қаражаты есебінен жүргізілген. Ал мердігер болып ашық тендер арқылы BI-Group құрылыс компаниясы таңдалған. Ғимараттардың құрылысы барысында барлық құрылыс нормалары қатаң сақталған.