«ҚБТУ» АҚ-ның Жаратылыстану мен Әлеуметтік Ғылымдар Мектебі 2010 жылы ашылған. Мектеп – барлық мамандықтар бойынша студенттерге сәйкес бағдарлар мен біліктіліктер бойынша білім берудің жалпыға міндетті стандарттарының, халықаралық стандарттардың талаптарына сай оқыту үдерісін ұйымдастыратын университеттің оқу, ғылыми және әкімшілік құрылымдық бөлімшесі. 

Мектептің миссиясы – студенттерді өздері қалаған  кәсіби мамандықтары бойынша берілетін терең білім алдында жалпы білім беру сатысындағы  мәдени-интеллектуалдық дайындықтан өткізу.

Мектептегі профессор-оқытушылардың  мақсаты студенттерге жалпы гуманитарлық (тарих, философия, әлеуметтану, саясаттану), жаратылыстану-математикалық (физика) таным негіздерін меңгерту, сондай-ақ, тілдік (қазақ, орыс, ағылшын) дағдылары мен іскерліктерін жетілдіру арқылы олардың интеллектуалдық әлеуетін көтеру және дамыту. 

Білім беру үдерісіндегі оқу-тәрбие жұмыстарының аясында жетістіктерге талпынған, белсенді еңбек етуге құштар, инновациялар мен өзгерістерге толық дайын, өзінің алдына айқын мақсат қойған, сол мақсатына жетуге асық, қоғамда өз орнын иемденуге ұмтылатын, заманауи ортада өмір сүруге бейім жастардың кісілік қасиеттері мен тұлғалық қабілеттерін қалыптастыру көзделеді.

Міндеттері

  • гуманитарлық бағдардағы оқу пәндері бойынша студенттердің білім алуына қажетті жағдай жасау;
  • қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кәсіби, тұлғааралық, мәдениетаралық қарым-қатынастарды жүзеге асыруға қабілетті мамандырдың жаңа толқынын дайындау;
  • студенттердің шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту;
  • тұлғаның азаматтық позициялары мен қоғамдық мәні зор дүниетанымдық және рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру;
  • студенттерді белсенділікке баулу.

 

Басымдықтар

 

Жаратылыстану мен Әлеуметтік Ғылымдар Мектебіндегі оқытылатын пәндерді игермей тұрып, техника саласының маманы болу – ойға сыйымсыз.

Мектеп студенттерді алғашқы оқу жылында оның болашақ мамандығына байланысты өмірлік маңызы зор бастапқы дағдыларды қалыптастыруға бағдарлайды. Студенттер өзінің кәсіби және мәдени деңгейін көтере отырып, ҚБТУ-ды да өзінің миссиясын Қазақстандағы ғылыми-техникалық элитаны даярлау деп айқындаған жаңа толқындағы жоғары оқу орны ретінде кеңінен танымал етуге және оның  беделін көтеруге атсалысады. 

Жаратылыстану мен Әлеуметтік Ғылымдар Мектебінің студент меңгерген жалпыгуманитарлық және жаратылыстану-математикалық білімдер – оның өзін толыққанды тұлға деп сезінуіне, жеке басының дамуы мен болмыс мәдениетінің қалыптасуын түйсінуіне жол ашады. Сонымен бірге студенттер өзінің мойнында осы үдерісте және жалпы адамзаттық өркениеттің дамуында жеке жауапкершілігі бар екенін ұғынады.