Қазақстан-Британ техникалық университетінде (ҚБТУ) Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) білім беру бастамасы аясында ұйымдастырылған «Білімнен жұмысқа орналасуға дейін: көшбасшылық және мансаптық дағдылар» атты воркшоп өтті. Іс-шараға ҚБТУ мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бағдарлама түлектері, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰДБ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Орталық Азия мен Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық шарты, сондай-ақ Coca-Cola İçecek Kazakhstan, Ernst & Young LLP және European Insurance Company халықаралық компанияларының өкілдері қатысты.
Қатысушыларға ҚБТУ ректоры Маратбек Төлебергенұлы Ғабдуллин, Қазақстандағы БҰҰДБ өкілі Айнұр Молдақасымова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Анар Дүтбаева, сондай-ақ Орталық Азия мен Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық шартының өкілі Лейла Қожабекова құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараны аша отырып, ҚБТУ ректоры Маратбек Төлебергенұлы Ғабдуллин университет үшін бұл жобаның маңыздылығын атап өтті:
«Біздің университет үшін әйелдердің білім алуына, жаңа білім мен кәсіби дамуына мүмкіндік беретін жобаға үлес қосу – үлкен мәртебе.»
Қазақстандағы БҰҰДБ өкілі Айнұр Молдақасымова 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауған әйелдерін қолдау бастамасы өңірдегі ең маңызды халықаралық білім беру бағдарламаларының бірі екенін атап өтті. ҚБТУ Орталық Азиядағы жобаның негізгі академиялық серіктестерінің бірі ретінде қатысушыларды жоғары деңгейде даярлап келеді. Ал аталған воркшоп түлектерді кәсіби тұрғыдан қолдаудың маңызды кезеңіне айналып, олардың практикалық дағдыларды меңгеруіне, жетекші сарапшылардан кеңес алуына және әлеуетті жұмыс берушілермен кәсіби байланыс орнатуына мүмкіндік берді.
Жобаның көпжылдық нәтижелерін ҚБТУ тарапынан БҰҰДБ бағдарламасының үйлестірушісі, ҚБТУ Корпоративтік білім беру академиясының Тұрақты даму мақсаттары жобалары департаментінің директоры Асель Жолдасқызы Ақжалова таныстырды. Ол университетте аталған жобаны жүзеге асырудың бастауында тұрған мамандардың бірі болды. Бағдарлама жүзеге асырылған барлық кезеңде ҚБТУ Корпоративтік білім беру академиясының ТДМ жобалары департаменті серіктестермен өзара іс-қимылды үйлестіруді, білім беру іс-шараларын ұйымдастыруды және бастама аясындағы материалдарды әзірлеуді қамтамасыз етіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жоба қатысушыларының мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті. Академиялық, кәсіби және техникалық әрі кәсіптік білім беру (TVET) бағдарламалары бойынша 50-ден астам қатысушы ҚБТУ-дың және оның халықаралық серіктестерінің жоғары білікті оқытушыларынан үздік тәжірибелер мен білім алды.
Іс-шараның маңыздылығын Орталық Азия мен Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық шартының өкілі Лейла Қожабекованың қатысуы ерекше айқындады. Ол дәл осындай серіктестіктер жас мамандардың кәсіби өсуіне тұрақты мүмкіндіктер жасап, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.
Воркшоптың білім беру бағдарламасын European Insurance Company басқарма төрағасы Дмитрий Надиров «Мәнді мансап құру: шабыт, мінез және мақсат» тақырыбындағы дәрісімен бастады. Ол кәсіби дамудағы жеке құндылықтардың, ішкі мотивация мен көшбасшылық қасиеттердің рөлі туралы айтып, табысты мансап тек техникалық білімге ғана емес, сонымен қатар этикалық құндылықтарға, өз ісіне деген құштарлыққа және қоғамға тигізетін пайдаға негізделетінін атап өтті.
Бағдарламаның практикалық бөлімін Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының Таланттарды бағалау және дамыту жөніндегі сарапшы маманы Алия Есдаулетова жалғастырып, «Көшбасшылық және мансаптық даму» атты интерактивті сессия өткізді. Сессия барысында өзін-өзі таныстыру, іскерлік коммуникация, еңбек нарығында өз мүмкіндіктерін сенімді көрсету дағдыларын дамытуға, сондай-ақ командада жұмыс істеу қағидаттары мен жеке мансаптық траекторияны қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Воркшоптың ең шабыттандыратын сәттерінің бірі – шетелде кәсіби қызметін табысты жалғастырып жүрген бағдарлама түлегі Шахла Мураммен өткен онлайн-кездесу болды. ҚБТУ-да TVET Mining бағдарламасын аяқтағаннан кейін ол оқуын Канададағы University of British Columbia университетінде жалғастырып, тұрақты тау-кен өндірісі мен ұсақ ауқымды алтын өндірудің экологиялық аспектілері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуде. Оның кәсіби жолы мемлекеттік органдардағы, халықаралық ұйымдардағы және ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі тәжірибені қамтиды. Қатысушыларға арнаған сөзінде Шахла білім, табандылық және үздіксіз даму ғана халықаралық деңгейде табысты мансапқа жол ашатынын ерекше атап өтті.
Білім беру бағдарламасының қорытынды бөлімі Ernst & Young LLP компаниясының рекрутмент тобының жетекшісі Алексей Шуваев өткізген «Жұмыс іздеу стратегиялары және сұхбаттан сәтті өту дағдылары» атты шеберлік сабағымен аяқталды. Қатысушылар еңбек нарығының қазіргі үрдістерімен, жұмыс берушілердің талаптарымен, бәсекеге қабілетті түйіндеме дайындау және сұхбаттан тиімді өту қағидаларымен танысты. Практикалық кейстер мен топтық тапсырмалар олардың алған білімдерін нақты кәсіби жағдайларда қолдануына мүмкіндік берді.
Воркшоп қатысушыларды кәсіби қолдау бағдарламасының маңызды кезеңіне айналып, академиялық дайындықты практикалық біліммен, көшбасшылық құзыреттерді дамытумен және халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерімен тікелей өзара іс-қимылмен ұштастырды. Мұндай формат түлектердің кәсіби тұрғыдан табысты бейімделуіне ықпал етіп, ҚБТУ мен БҰҰДБ серіктестігінің стратегиялық мақсатын – сапалы білім беру, кәсіби құзыреттерді дамыту және әйелдердің табысты жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың мүмкіндіктерін кеңейтуді айқын көрсетеді.
Жоба жалпы алғанда және өткізілген воркшоп Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына, ең алдымен ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 5 «Гендерлік теңдік», ТДМ 8 «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» және ТДМ 17 «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді. Бұл ҚБТУ-дың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық еңбек нарығына жоғары білікті мамандар даярлауға деген ұстанымын тағы бір мәрте растайды.