Алматы, 2026 жыл — Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) Smart Water Zone жобасы аясында өткізілген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша 550 балл жинап, GOLD мәртебесіне ие болды. Бұл жоба су ресурстарын тұрақты басқаруды дамытуға және Қазақстан ұйымдарында үздік экологиялық тәжірибелерді енгізуге бағытталған.

Smart Water Zone— GPI Group компаниясы, Coca-Cola Kazakhstan және Green Urban қауымдастығы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып отырған ұлттық бастама. Жоба суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуге және ұйымдардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Бағалау барысында сарапшылар су ресурстарын басқару жүйесін, су тұтыну мен ағынды сулардың есебін жүргізуді, экологиялық саясатты, білім беру және ғылыми қызметті, халықаралық бастамаларға қатысуды, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) университет қызметіне интеграциялануын жан-жақты талдады.

Тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша сарапшылар ҚБТУ-дың су ресурстарын тұрақты басқарудағы кешенді тәсілін жоғары бағалады. Университеттің негізгі жетістіктері:
•    Тұрақты су менеджменті жөніндегі бекітілген саясаттың болуы;
•    Су тұтыну көлемі мен ағынды сулар көлеміне тұрақты мониторинг жүргізу;
•    ҚБТУ-дың Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) жобалары департаменті мен Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, соның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыру үшін жасанды интеллект (AI) пен Заттар интернеті (IoT) технологияларын қолданатын Smart Agriculture жобасы, сондай-ақ ҚБТУ Ақпараттық технологиялар мектебінің профессоры Жанай Сағынның тұрақты су ресурстарын басқаруға, су тасқыны мен құрғақшылықты болжауға және инновациялық гидрологиялық шешімдерді енгізуге арналған FLOOD-MAR HUB, TERESA және INOWAS халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы;
•    Суды ұтымды пайдалану мәдениеті мен экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған білім беру, ғылыми және ағартушылық іс-шараларды өткізу;
•    ISO 14001, ISO 45001 және ISO 9001 халықаралық стандарттарын университеттің білім беру, ғылыми және басқару қызметіне енгізу.
ҚБТУ-дың Smart Water Zone жобасына қатысуы үшін материалдарды дайындау Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) жобалары департаментінің белсенді қатысуымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, департамент БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын, экологиялық жауапкершілікті және табиғи ресурстарды тұрақты басқару қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған халықаралық конференциялар, білім беру бағдарламалары, семинарлар, воркшоптар және түрлі жобаларды тұрақты түрде ұйымдастырады.

GOLD мәртебесіне ие болу ҚБТУ-дың экологиялық менеджмент жүйесінің жоғары деңгейде дамығанын және университеттің тұрақты даму саясатының тиімді жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына, ең алдымен ТДМ 6 «Таза су және санитария» және ТДМ 12 «Жауапты тұтыну және өндіріс» мақсаттарына қол жеткізуге қосып отырған үлесін растайды.

{spoiler=Кеңес алу}

 

 

{/spoilers}