Страсбург, Нанси, Мец (Франция), 2026 жылғы 28-29 маусым – Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, «Академиялық пальмалар» орденінің иегері Гүлнара Мендіқұлова жұмыс сапары аясында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің тағдыры мен жерленген орындарын анықтауға бағытталған кешенді ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді.
Сапар барысында Страсбург қаласындағы әскери жерлеу орындары қаралып, Нанси қаласындағы Мёрт және Мозель департаменті архивтеріндегі архив құжаттары зерделенді. Зерттеу нәтижесінде Қазақ КСР жауынгерлері жерленген орындар туралы мәліметтер нақтыланып, іздестіру жұмыстарының алдағы бағыттары айқындалды. Сондай-ақ архив басшылығымен кездесу өткізілді, оның барысында тараптар тарихи жадыны сақтау және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылық білдірді.
Зерттеу жұмыстары Францияның Ардагерлер және соғыс құрбандары істері жөніндегі ұлттық басқармасымен (ONaCVG) бірлесе отырып, Мец қаласындағы Шамбьер және Ле Петан әскери некрополінде жалғасты. Жұмыс қазақстандық жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте сақтауға және әскери-тарихи зерттеулер саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.


