Қазақстан-Британ техникалық университеті Қазақстандағы ICT мамандарын даярлайтын жетекші орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. ҚБТУ Advanced Huawei ICT Academy Support Center мәртебесіне ие болды. Тиісті келісімге университет ректоры Huawei компаниясымен стратегиялық серіктестікті дамыту аясында қол қойды.
Бұл жаңа мәртебе білім беру бағдарламаларын дамытуға, студенттерді халықаралық стандарттарға сәйкес даярлауға, заманауи ICT құзыреттерін енгізуге және цифрлық технологиялар саласындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
ҚБТУ студенттерінің жоғары дайындық деңгейін Huawei ICT Competition 2025–2026 нәтижелері айқын көрсетті. Network Track бағыты бойынша қатысқан команда әлем бойынша 2-орынға ие болды. Команда құрамында ҚБТУ студенттері Ансар Асылбек пен Жақсылық Әбдімүталіпов, сондай-ақ Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Мадияр Мерейев болды.
Тағы бір жоғары нәтижеге қазақстандық Dockify командасы қол жеткізді. Команда AI Innovation бағыты бойынша әлем бойынша 3-орынды иеленді. Бұл бағытта Қазақстан атынан ҚБТУ студенттері Асқар Оралхан, Бақытжан Әлібеков және Диас Джакупов қатысты.
Биыл Huawei ICT Competition байқауы 100-ден астам ел мен өңірден 220 000-нан астам студент пен оқытушыны біріктіріп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық инновациялар саласындағы жас таланттарды дамытуға арналған ең ірі халықаралық алаңдардың біріне айналды.
Студенттердің жетістіктері ҚБТУ-дағы инженерлік және технологиялық дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, қазақстандық жастардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.
Студенттерді, олардың тәлімгерлерін және ҚБТУ академиялық қауымдастығын осы маңызды жетістікпен құттықтаймыз! Оларға жаңа табыстар, жарқын жобалар және кәсіби дамуда биік белестер тілейміз.

{spoiler=Кеңес алу}

 

 

{/spoilers}