2026 жылғы 9 мамырда Астанада Франция Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған Фашизмді жеңу күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті.
Іс-шара аясында тарих ғылымдарының докторы, КБТУ профессоры Гүлнара Малбағарқызы Мендікуловаға Франция Премьер-министрінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен берілген «Академиялық пальма» орденінің кавалері атағы салтанатты түрде табысталды.
«Академиялық пальма» ордені 1808 жылы Наполеон Бонапарттың бастамасымен тағайындалған және Францияның білім мен ғылым саласындағы ең көне әрі беделді марапаттарының бірі болып саналады.
Жоғары француз наградасы профессор Гүлнара Мендікуловаға Қазақстандағы білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франция аумағында шайқасқан қазақстандық ардагерлердің тағдырын зерттеуге арналған көпжылдық ғылыми еңбегі үшін берілді.
Марапатты табыстау рәсімі Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мен қорғаныс мәселелері жөніндегі атташе, полковник Робер Аземан ұйымдастырған Астанадағы Франция Резиденциясындағы қабылдау барысында өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін сөйлеген сөзінде профессор Гүлнара Мендікулова Францияның өзі үшін әрдайым ерекше әрі жүрегіне жақын ел болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бала кезінен француз классикалық әдебиеті мен театры өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Гүлнара Малбағарқызы Франция халқына, Франция Үкіметіне, сондай-ақ екі елдің қорғаныс және сыртқы істер министрліктеріне көрсетілген жоғары құрмет үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ Франциядағы Қазақстанның әр жылдардағы Төтенше және Өкілетті Елшілері Нұрлан Даненовке, Жан Ғалиевке және Гүлсара Арыстанқұловаға Франция Қарсылығы қозғалысына қатысып, Францияны нацизмнен азат ету жолында күрескен қазақстандықтардың есімдерін жаңғырту ісіне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.

{spoiler=Кеңес алу}

 

 

{/spoilers}