Қазақстан-Британ техникалық университетінің ShallQar инженерлік командасы 21–25 қаңтар аралығында Доха (Катар) қаласында, Lusail International Circuit трассасында өткен халықаралық Shell Eco-Marathon 2026 жарысында жоғары нәтиже көрсетті.
34 халықаралық команданың арасында ҚБТУ командасы «Энергия тиімділігі және жылдамдық» санатында 12-орынға ие болып, қазақстандық инженерлік білімнің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
Техникалық нәтижелер
Жарыс барысында команда прототипі келесі көрсеткіштерге қол жеткізді:
140 км/кВт⋅сағ энергия тиімділігі;
4 айналым (14,56 км) 23 минутта аяқталды;
орташа жылдамдық — 60 км/сағ;
толық электрлі қозғалтқыш;
Shell Eco-Marathon ұйымдастырушылары атап өткен «тамшы» пішінді аэродинамикалық корпус.
Үш жылдық даму және қатысу жолы
ShallQar командасы жобаны үш жыл бойы дамытып, жарысқа жыл сайын қатысып отырды:
2024 жыл — алғашқы қатысу және бірінші прототип;
2025 жыл — болидті жаңарту және техникалық инспекциядан сәтті өту;
2026 жыл — Катардағы халықаралық кезең және ТОП-12 нәтижесі.
Команда құрамына 1–4 курс студенттері кіреді, бұл білімнің сабақтастығы мен жобаның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Қолдау және болашақ жоспарлар
Жоба ҚБТУ, АТ және инженерия мектебі, KBTU Endowment қоры, сондай-ақ Supros | Yeta компанияларының қолдауымен жүзеге асырылды.
ShallQar командасы жобаны әрі қарай дамытып, Shell Eco-Marathon жарыстарында әлемдік ТОП-10 қатарына кіруді мақсат етеді.