26 қыркүйекте Stryde, Inc (Ұлыбритания) компаниясының бас геофизигі Амине Урабах мырза студенттер мен Геология мектебінің қызметкерлері, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың, мұнай сервистік және инженерлік компаниялардың өкілдеріне арналған қонақ дәрісін өткізді.
Амине Урабах өз сөзінде «Seismic data processing әдістері» тақырыбында дала жұмыстарын жүргізу үшін сейсмикалық барлау саласындағы озық технологияларды қолдану мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Іс-шара ҚБТУ жобаларды басқару кеңсесі, Геология мектебінің деканаты және Stryde, Inc-тің Қазақстандағы эксклюзивті серіктесі болып табылатын Samga Petroleum компаниясының ұйымдастыруымен өтті.
Айта кету керек, қонақ дәріс 2023 жылдың қарашасында ҚБТУ, Stryde, Inc және Samga Petroleum компаниялары арасында жасалған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Амине Урабах мырзаның ҚБТУ студенттері мен шақырылған сарапшылар алдындағы сөзі өзара тиімді серіктестікті дамытудағы маңызды кезең болды, сонымен қатар осы жылдың маусым айында 2 курс студенттеріне арналған Жазғы геологиялық оқу практикасы өтті.
Презентация тыңдаушыларды қатты қызықтырды. Компаниялардың өкілдері (PGS Kazakhstan, Crystal Management, СП Казгермунай, Geoscience Consulting, BGP Geophysical Services Kazakhstan, АЛЬТГЕО, ЕНВК және т.б.) және студенттер ұсынылған сейсмикалық барлау технологиялары мен деректерді өңдеу әдістеріне үлкен қызығушылық танытты.