Бүгін «Ғылым Ордасы» ғимаратында өткен Ғылым мен білімді интеграциялау форумында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

 

Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан-Британ техникалық университеті ректорының (Басқарма төрағасының) м.а. Маратбек Ғабдуллин, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары және ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.

 

"Бізге ғылыми және білім беру қызметінің тығыз, ауқымды және көпжақты интеграциясы қажет. Әлемдік тәжірибе көшбасшы елдердің ғылым мен білімді барынша тиімді кіріктіре алғанын көрсетеді. Бұл тәжірибе қазақстандық білім және ғылым жүйесі үшін де өзекті. Енді еліміздің жоғары оқу орындары ҒЗИ-мен бірлесе отырып ғылыми кадрларды даярлауды жүзеге асыратын болады. Аталған жобаны іске асыру жоғары білім беру жүйесін, ғылыми қызметті дамытуға және ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін арттыруға серпін береді", – деп атап өтті өз сөзінде Асхат Аймағамбетов.

 

ҒЗИ мен ЖОО-лардың бірлескен қызметі нәтижесінде осы жыл ішінде 500 жаңа бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленіп, үш жүзден астам ғалымдар мен ҒЗИ қызметкерлерін дәрістер оқу мен сабақтар өткізуге тарту жоспарлануда. Сондай-ақ, магистранттар мен докторанттар үшін 68 ҒЗИ зертханаларына қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

 

Форум аясында жоғары оқу орындары мен ҒЗИ арасында ғылыми-білім беру ынтымақтастығы туралы шарттарға салтанатты түрде қол қойылды. ҚБТУ келесі ҒЗИ-мен келісімшарт жасады:

 

Ақпараттық және есептеу технологиялары институты;

Математика және математикалық модельдеу институты;

Ядролық физика институты.