Маратбек Габдуллин – PhD, физика-математика ғылымдарының кандидаты, плазма физикасы, наноматериалдар мен нанотехнологиялар, сутегі энергетикасы саласындағы жоғары білікті маман. Ол 400-ден астам ғылыми еңбектер жариялады, олардың 55-і АҚШ, Англия, Германия, Ресей және т.б. рейтингтік журналдарында жарияланды. Бүгінгі таңда Маратбек Төлебергенұлы Қазақстан Республикасының 9 патентінің авторы.

Ол Германия, Франция, АҚШ, Жапония, Ресей, Украина, Беларусьтің түрлі ғылыми әлемдік орталықтарының жетекші ғалымдарымен тығыз шығармашылық байланыста. Ғылыми журналдар редакциялық алқасының мүшесі, сондай-ақ рейтингтік журналдардың рецензенті болып табылады.

Маратбек Төлебергенұлы өзінің ғылымдағы жетістіктері үшін көптеген марапаттарға ие болды: «Үздік жас ғалым», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алтын Адам – Жыл адамы» сыйлығының лауреаты, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» Президенттік медалімен марапатталған.

Бұған дейін Маратбек Төлебергенұлы ғылым және инновациялар жөніндегі проректор қызметін атқарды, одан соң Қазақстан-Британ техникалық университетінің бірінші проректоры болып тағайындалды. Маратбек Төлебергенұлының жетекшілігімен университетіміз ғылым мен білім саласында үлкен жетістіктерге жететініне сенімдіміз. Құттықтаймыз!